Құндызай Пірімжанова: Қазақтың салт-дәстүрімен, ең бастысы абыроймен ұзатылдым

Құндызай Пірімжанова күйеуімен. Суреттер сұқбат берушінің жеке мұрағатынан


Соңғы кездері елімізде Қытайға қатысты синофобия күшейіп кетті. Осы орайда қытай жігітіне тұрмысқа шығып, Гуанчжоуда тұратын қазақ қызымен Hola News тілшісі skype арқылы тілдескен еді.


Күйеуіңізбен қалай, қайда таныстыңыз?


- Мен ол жігітпен Чехияда таныстым. Алматы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепте жұмыс істеп жүріп, Еуропаны аралау туралы ой келген болатын. Сол мақсатпен ең алдымен Чехияда бірнеше күн тұрдым. Жалғыз өзім болғандықтан, қонақ үйде жатуға қорқып, хостелге орналасқан болатынмын. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген мен сияқты туристер, жастар болды. Кейде бәріміз бірге шай ішіп, әңгімелесіп тұратынбыз. Арасында қазіргі күйеуім де жүрді. Үшінші күні ол музейге билет алып қойғанын айтып, мені бірге музей аралауға шақырды. Көрнекі жерлерін аралап болған соң, ресторанға тамақтануға бардық. Шетелде әркім өз есебін өзі төлейді ғой. Сондықтан өз есебімді төлейін деп жатсам, мен төлеймін деп джентельмендік танытты. Ертеңінде ол Германияға кетті. Германияның Драмштадт қаласында техникалық университетінде магистратурада оқиды екен. Кетерінде менің мекенжайымды алып қалған болатын.


Мені ұнатып, мен үшін Қазақстанға келетінін ойлаған жоқпын. Өйткені басында мен оған денсаулығымда ақау барын, өңешімнің жоқтығын айтқан болатынмын. Өз елімізде көңілін білдірген қазақ жігіттеріне өңешімнің жоқтығын айтсам, бірден ат тондарын ала қашатын. Өз аяғымен жүріп-тұрып, жұмыс істеп жүргеніммен, денсаулығыма байланысты жігітпен жүріп, күйеуге шығуға қатты құштар болмадым. Оның үстіне дәрігерлер 5-6 жыл тұрмысқа шықпауға кеңес берді. Тіпті енді араласа бастаған қазақ жігітінің анасының хатын байқап қалған кезім болды. Хатта «Денсаулығы жоқ қызды қайтесің?» деген болатын. Басында бәрін бірден ашып айтатын едім, кейін түсінбестік тудырмас үшін. Студент кезімде Sprite бөтелкесіне құйылып тұрған, сірке суын байқамай ішіп қойып, өңешімді күйдіріп алып, бірнеше күн ес-түссіз жаттым. Кейін операция жасап, біраз уақыт арнайы аппаратпен тамақтанып жүрдім. Ал қазіргі күйеуім өңешімнің бар-жоқтығына қараған жоқ. «Ең бастысы қазір амансың, егер алдағы уақытта қандай да бір жағдай туындаса, емдетемін, бәрі жақсы болады» деді. Құдайға шүкір шаңырақ көтергенімізге бір жыл жеті ай болып қалды. Осы уақытқа дейін жәбір көрсетіп, ренжіткен емес. Сыйластығымыз басым. Ең алдымен оның адамгершілігін ұнаттым. Сыйластығымыз үлкен махаббатқа ұласты, сүйіп қосылдық. Бәрі тез болды. Ол Қазақстанға келіп, маған ұсыныс жасады. Қазақтың салт-дәстүрімен, ең бастысы абыроймен ұзатылдым.



-  Қай жақтың тумасысыз? Ата-анаңыз, туған-туыстарыңыз бұл тойға қарсы болған жоқ па?


- Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумасымын. Ауылдан шыққан, қора тазалап өскен қарапайым қазақтың қызымын. Әкем мен анама қолғабыс болайын деп, мал бағудан бастап, үйдің бар тірлігін жасайтынмын. Ауылда әкем мектеп директоры, анам мұғалім қызметін атқарды. Мүмкін денсаулығым әсер етті ме, мүмкін өз бақытымды тапқанымды сезді ме қарсы болған жоқ. Оның үстіне 9-сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы колледжге оқуға түсіп, үшінші курста ата-анама салмақ салғым келмей сырттай бөлімге ауысып, жұмыс пен оқуды қатар алып жүрдім. Жұмыс істеп жүргеніммен оқуға құштар болдым. Өз бетімше ағылшын тілін үйреніп, жақсы меңгеріп алдым.


-  Қазір Қытайдың Гуанчжоу қаласында тұрып жатырсыз ғой. Ол жақта немен айналысасыз? Күйеуіңіз, ата-енеңіз туралы айтып беріңізші?


- Гуанчжоудағы ағылшын тілі орталығында балаларға ағылшын тілінен сабақ беремін. Оқушыларым өте көп. Қосымша ұсыныстар болып жатса, суретке түсіп, косметиканы жарнамалайтын компанияда бьюти-модель болып жұмыс істеймін. Онымен қоса онлайн саудамен айналысамын. Дәрігерлердің ескертпесіне, денсаулығыма қарамастан спортпен тұрақты айналысамын. Дені сау, қалыпты адамдар сияқты тынымсыз еңбек етіп, өмір сүріп жатырмын. Күйеуімнің әкесі, яғни, атам Сунь-Ятсен университетінде профессор болып қызмет атқарады, енем мұғалім. Екеуі де өзімнің ата-анам сияқты оқу-ағарту саласында жұмыс істейді. Атамның асыл тастардан әдемі мүсін жасайтын қосымша хоббиі бар. Күйеуім қазір Германияда авиаинженер мамандығында оқып жатыр. Кейде мен Германияға, кейде ол Қытайға келіп, жиі көрісіп тұрамыз. Жақында оқуын аяқтайды. Бұйырса осы күз айынан бастап екеуміз Еуропада тұруды жоспарлап отырмыз. Күйеуім Еуропада өмір сүруді қалайды.




-  Алғаш танысқанда қытайлық жігітіңіз Қазақстан туралы білді ме? Туыстары ше? Гуанчжоудағы әріптес-таныстарыңыздың Қазақстан туралы пікірі қалай?


- Жігітіммен ең алғаш Прагада танысқанда Қазақстан түгілі, біздің көрші екенімізді де білмейді екен. Мені ол кореялық қыз деп ойлапты, мен де оны кәрістің жігіті екен деп жүрдім. Оның әке-шешесінің де Қазақстан туралы еш хабары жоқ. Алайда ата-енем Шыңжаң қазақтарын біледі екен. Қазақтардың жеке тәуелсіз мемлекеті барын білмеген. Шынымды айтсам, күйеуімнің Қазақстанға келгісі жоқ, өмір сүруге қолайсыз ел деп санайды. Ағылшын тілі орталығында оқушыларымның ата-аналары «Америкадан келдіңіз бе, Кореядан келдіңіз бе?» сұрап жатады. Қазақстаннанмын десем, ешкім білмейді. Сол аздап көңіліме тиеді. Содан кейін оларға көрші Қазақстан деген мемлекет барын айтып, ескертемін. Көбі өмірінде бір рет географиялық картаға қарап көрмеген сияқты. Гуанчжоуда әріптес-таныстарым өте көп. Көбі Қазақстан туралы білмейді. Бірен-саран қытайлық бізді Димаш Құдайберген арқылы таниды. «Қазақстан» дегенде бірден «О, Димаши! Ол керемет, ғажап әнші! Біз оны құрметтейміз!» деп шығады.


Мұнда Димашты, оның өнерін қатты бағалайды. Биыл орталығымызға ағылшын тілін үйренудің ерекше әдісін енгізгенмін. Онда балалар суши, пицца сияқты тамақтарды ағылшын тілінде жасап, үйренеді. Сонда аз-кем ата-ана қазақстандық екенімді білген соң, «Тамақтың түр-түрін жасауды біледі екенсіз, Димаштың елінен екенсіз ғой, қазақтар өнерлі халық болып келеді» деп таңданып кеткен болатын. Кэмбридж университетінің «ағылшын тілін оқыту» бойынша атақты авторларымен де тығыз қарым-қатынастамын. Олар да «ағылшыныңыз судай ғой, қай мемлекеттенсіз?» деп сұрап жатады. Алайда олар Қазақстан туралы бұрын-соңды естімеген екен.




-  Қытайдағы ас-мәзіріне үйрендіңіз бе? Кейбір қазақтар әлеуметтік желіде қытайлар жемегенді жейді, бақа-шаянды да тұтынады деп, видеоларымен бөлісіп жатады...


- Қытай туралы мифтер, стереотиптер өте көп қой. Мысалы, мен түскен отбасы менің мұсылман екенімді білген соң, халал тамақтанатын болды. Дегенмен өздері де шошқа етін бұрыннан жемейді екен. Мен келген соң тіпті халал тамақтануға тырысады. Бақа жейтіндер де бар. Шаян дегенде, теңіз шаяндарын жейді. Өзім де тамақтың түр-түрін пісіремін. Үйде келіндік қызметімді ойдағыдай атқарып жүрмін деп ойлаймын. Жат жерде жүрсем де Наурыз, айт сияқты мерекелерді отбасымызбен атап өтеміз. Бауырсағымызды, ұлттық тағамдарымызды дайындап тұрамын. Қазақтың классик жазушыларын, Абайдың қара сөздерін жиі оқимын. Мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ғой. Иә, әлеуметтік желіде жекеме түрлі видеолар жіберіп, мені балағаттап, ар-намысыма тиіп жататын қазақтар әбден қажытты. Маған баланың етін жеген, адамның етін жеген видеоларды жібереді. Олардың бәрі миф. Елде ондай жауыздық танытып жатқан ешкім жоқ. Заң бар, тәртіп бар, зайырлы мемлекетте ондай бассыздық, бей-берекетсіздік болмайтынын оқыған, көзі ашық адам білуі керек. Естуімше қытай тектес бір тайпа бар көрінеді. Сондай жауыздықтары үшін бүкіл тайпа елден қуылған.



-  Сіз сияқты Қытай азаматына тұрмысқа шыққан қанша қызды білесіз? Олардың тағдыры туралы не айта аласыз?


- Маған әлеуметтік желі арқылы қытайға тұрмысқа шыққан бірді, екілі қыз жазған. Қаласаңыз олардың хаттарын жібере аламын. Екі қызды білемін. Бір қыз Шымкентте, сондағы қытайлық компанияның меңгерушілерінің біріне тұрмысқа шыққан. Ол қыз 18 жасында үйленемін деп сөз байласқан өзіміздің қазақ жігітінен бала көтеріп қалған екен. Қыздың жағдайын білген жігіт телефон нөмірін, мекен-жайын өзгертіп, қыздан теріс айналған. Тауы шағылған бойжеткен баласын босанып, анасының қолына қалдырады да өзі жұмысқа шығады. Жұмыс істеп жүріп тағы бір қазақтың жігітімен танысады. Оған бір баласының барын айтқан соң, жігіттің ата-анасы қарсы болған екен. Кейіннен қытай жігітімен көңіл қосып, бір-бірін ұнатып, отбасын құрады.  Оның баласын да әлгі жігіт жат санамай, бала-бақшасына тасып, өз баласындай көріп бағып жатқан көрінеді. Тағы бір қыз өзінің жанына жақын жанды тапқандықтан махаббатпен тұрмысқа шыққанын айтады. Жігітін өз күшіне сенетін ер мінезді, жақсы адам деп мақтайды. Бар білетінім осы. Міне, солардың бірінің хаты.



-  Сіздің таңдауыңызды даттап, қаралап жатқандарға не айтасыз? 


- Қазіргі таңда негізі біреудің жеке өміріне араласуға ешкімнің құқығы жоқ деп ойлаймын. Әр пенде өзі үшін еңбектенеді, өз керегін өзі сатып алатындықтан, мен ойлаймын айналадан ақыл сұрап, кеңес сұрап қажеті жоқ. Өйткені бізді асырайтын айнала емес, біз өз-өзімізді асыраймыз. Аш қалған күннің өзінде бір түйір нанды өз еңбегімізбен табамыз. Әсіресе, Қытайға шыққан қыздарды жезөкшеге теңеп, арын таптағаны дұрыс емес деп ойлаймын. Адам бірнәрсені айтпастан бұрын шындыққа көзжеткізгені дұрыс сияқты. Біреудің өмірі ойыншық емес қой. Адам негізі өзгенің өмірін өзгерте алмайды. Адамды өзгертетін өмір сынақтары. Өзі танымайтын адамға күйе жағып, қарғап-сілеу адекват, көзі ашық адамның ісі ме?! Еліне шынайы жаны ашитын адамның біреуге негатив шашуға ниеті де уақыты да болмауы керек. Шынымен күйінсе, елімізді көркейтуге атсалыссын, кәсіп ашсын, қаншама жұмыссыздар жүр, соларға жұмыс тауып берсін. Еңбек адамды жандандырады. Өз баласынан жеру, ажырасу, алимент төлемей қашу соның бәрі жұмыссыздықтың салдары ма деймін. Біреуге қарғыс айтып, әлжеліде түрлі дәйексіз ақпаратты бөлісіп отыруға уақыт тапса, демек оның жұмысы жоқ-ау. Бірнеше операцияны бастан кешкен менің бір басымда 3,4 жұмысым бар. Әлеуметтік желіде маған күн сайын қарғыс жаудырғандардан шаршадым. Ер-азаматтарымыз мықты болса, ешбір қыз сыртқа кетпес.

 

 

P.S. 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстанның 270 ер-азаматы Қытай азаматшасымен отбасын құрды, оның ішінде 244-і Қытайдағы этникалық қазақ қыздары. Ал 2010-2016 жылдар аралығында 253 қазақстандық қыз Қытай азаматымен бас құрады, оның ішінде 190-ы Қытайдағы этникалық қазақ жігіттері. Осы алты жыл ішінде, 34 қазақстандық қыз этникалық қытай жігіттеріне тұрмысқа шыққан. Бұл мәліметті ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өзінің facebook парақшасында жазған болатын.