Алматыда ШҚО-дан келген қарақшылар ұсталды


ШҚО-дан келген төрт қарақшының Алматы қаласындағы айналмалы жолда ұсталған видеосын жариялады, деп хабарлайды NUR.KZ.


Аталған бейнеге қатысты Алматы қалалық полиция департаменті ақпарат берді.


Арнайы операцияны Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы бөлімше жауынгерлерімен бірлесіп өткізді.


Алматы қаласы бойынша пәтер ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Соңғы ұрлық ұсталғанға дейін бірнеше минут бұрын "Жұлдыз" шағын ауданында жасалған.



Полиция қызметкерлері ұрылардың автокөлігін қоршауға алды. Онда соңғы қылмыстың айғақты заттары болған. Топтағы азаматтар - 1989, 1990, 1991 және 1993 жылы туған ШҚО тұрғындары болып шықты.


"Бірінші сағатта олардың Бостандық ауданындағы пәтер ұрлығына, Алмалы ауданындағы екі ұрлыққа қатысы бар екені, соңғы ұрлықтарын Түрксіб ауданында жасағаны анықталды", - деп түсіндірді Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.