Атырауда түрме бастығы парамен ұсталды


Атыраудағы 157/1 тергеу изоляторы бастығының міндетін атқарушысын парамен ұстады, деп хабарлайды ktk.kz.


Ол ауызбастырық үшін жазасын өтеушілерге колонияда қолайлы жағдай жасап келген. Cотталғандарды қалаған уақытында туыстарымен жолықтырып, камера ішіне азық-түлік кіргізуге рұқсат берген.

 

Ол аз уақыт ішінде заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденді. Сондай-ақ, жемқорлықпен күрес қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару комитетіне қарасты, Қаржы бөлімінің бастығын ұстады.

 

Мәліметтерге қарағанда ол «Азаматтық үкімет» корпорациясындағы сыбайластарымен бірігіп, зейнетке шыққан полицейлерден пара алды. Оларға жоғары көлемдегі зейнетақы тағайындап отырыпты. Бұдан бөлек, Ақмола облыстық әкімдігінің лауазымды қызметкері де бюджет ақшасын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Туризм басқармасының бастығы кәдесыйларға бөлінген ақшаны жеген болуы мүмкін.

 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, ол 2018 жылы қарашада жалған есептен шығару актілерін жасау арқылы, кәде сыйларды сатып алуға бөлінген жалпы сомасы 8,5 миллион теңге бюджет ақшасын жымқырды деп күдікке ілінген. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.