Арман Құдайбергенов Денис Теннің анасынан кешірім сұрады


Алматыдағы арнайы мамандандырылған ауданаралық сотта Денис Теннің өліміне қатысты сот тыңдалымы өтуде. Бүгінгі сот отырысында сотталушылардан жауап алынып жатыр. Бұл жолы сот алдында басты күдіктілер: Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева жауап береді. Алғашқы болып сөз алған Құдайбергенов қылмысқа не себепті барғандарын айтты.


«Мен Нұралы Қиясовпен 2018 жылдың қысында автожуу орталығында таныстым. Содан бері біз жақын доспыз. Жанармен 29 сәуір күні Алматыда таныстық. Бір-бірімізге ғашық болып қалдық. Мен оған Қордайға барып тұратынмын, кейде қалада кездесіп тұратынбыз. Үйленуді жоспарлап жүргенбіз.18-і күні таңертең Мансура деген Нұралының қызы тәртіп сақшыларымен бірге үйге келіп, шу шығарды. Ол жүкті болып қалған екен. Арыз жазамын деді. Осы жағдай ушығып кеткендіктен, басқа пәтер жалдаймыз деп шештік. Тыныштықты қаладым, Жанармен оңашада болғым келді. Айтатын өзара әңгімеміз болған еді».


Құдайбергенов қала ішінен пәтер жалдауларына Нұралы Қиясовтың ағасы екеуінің арасындағы кикілжің себеп болғанын айтты.


«18 шілдеден бастап біз үшеуміз бірге болғанбыз. Сол күні түсте Нұралы екеуміз Шаңырақтағы үйімізден шықтық. Жанар бізге кейіннен қосылды. Ол моншада болған, кешкі сағат алтылар шамасында біз алып кеттік. 18-і кешке қарай үшеуміз Нұралының ағасының үйінен кетіп қалып, басқа пәтер жалдадық. Ол ағасы екеуінің арасында келіспеушіліктер көбейіп кетті. Сол себептен, біз қалаға шығып кеттік.



Жанарды жалдаған үйге қалдырып, «Ангар» кафесіне бардық. Сосын такси болып, адамдарды тасыдық. Түнде төрт шамасында үйге жаққа келдік, жолай дүкеннен төрт бөтелке сыра алдық. Сол кезде мен Нұралының ақшадан қиналып жүргенін көрдім. Жалдаған пәтер жанында көлікте отырып, сыра іштік. Мен оған жеңіл ақша табу жолдарын білетінімді айтып, көліктердің айнасын ұрлауды ұсындым (айыпталушы «Лексус 570» көлігін атап өтті – ред ). Мен айнаны қалай шығару керек екенін білетінмін, бірнеше рет жасап көргенмін».


Арман Құдайбергенов


19 шілде пәтер иесіне кілтті өткізіп, жақын маңайдан қымбат көліктерді іздей бастаған.


«Ертесіне, 19 шілде күні түс кезінде пәтердегі уақытымыз біткен соң, кілтті иесіне хабарласып тастап кеттік. Біз Нұралының ағасы Сұлтанның көлігіне мініп, Абылайхан көшесіне қарай бет алдық. Құрманғазының бойында бізге керек деген бес-алты қымбат көліктерді көрдім. Сол ақ көліктен бастайық дедім. Жанар біздің ұрлыққа баратынымызды білмеген. Көліктің артында телефон шұқылап отырған. Нұралы екеуміздің әңгімемізді естімеді.


Ақ түсті көлікке жақындап, сол жақ айнасын шеше бастағанда айналамызда адамдар мен көліктердің жүрісі көп болып кетті. Екінші айнаны шешкенше 15-20 минут өтіп кетті. Нұралы сөмкені ұстап, ары кетсе үш метр қашықтықта қасымда тұрды. Пышақ сөмкенің ішінде болды. Көліктің айнасын шешуі үшін ешқандай құралдың қажеті жоқ. Оларды қолмен жұлып алдым. Екінші айнаны шешуге барғанымда ар жақтағы көліктер қозғала бастады».



Ол көліктің қос айнасын шешіп, кетіп бара жатқанда алдымнан Денис шықты дейді.


«Екі айнаны да шешіп кетіп бара жатқанымда алдымнан марқұм Денис Тен келді. Мен оны танымадым. Ол менен не істеп жатқанымды сұрап, ашуланды. Мен айналарды қолына ұстаттым да, қаштым. Өйткені мен тағы ұсталсам, Астанадағы ісім бойынша сот болатын уақытым еді, жағдайым ушығып кетеді деп ойладым. Менің қашудан басқа амалым болмады.


Жолдың арғы жағына өтіп кетпек болғанымда, қара «камридің» үстіне құладым. Содан кейін ары қарай айналып қашып бара жатқанымда, Денис мені қуып келе жатқанын көрдім. Ол мені 50-60 метр жерден кейін ақыры ұстап алды. Бетпе-бет келіп қалдық, артынан екеуміздің арамызда төбелес орын алды. Шыны керек, менің оған әлім жетпеді. Содан кейін белдігімді шешіп, оны ұра бастадым. Мен қалай болғанда да қашып құтылуым керек болды. Ұсталсам бас бостандығымнан айырылатынымды білдім.


Белдікті алған кезде, ол мені жоғары жақтан келіп бас жағымнан ұрды. Мен есеңгіреп қалып, торға сүйеніп тұрдым. Есімді жиып қарасам қасымда Нұралы тұр. Дениске қарасам, ол да маған қарап шок күйінде болды. Бес-алты секундта есімді жинап, ары қарай біз қашып кеттік. Сосын біз тез қаштық, Нұралы сөмкенің ішінде болған пышақты лақтырып жібергенін көрдім. «Неге лақтырдың?» деп сұрағанымда, ол маған Дениске екі мәрте пышақ сұққанын айтты. «Неге пышақ сұқтың?» дегенімде, «білмеймін» деді».


Нұралы Қиясов


Арман Нұралының «пышақты санынан сұқтым» дегенін алға тартып, өзінің кісі өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.


«Сосын қуыстар арқылы көлікке жетіп алдық. Жолдан Жанарға хабарласып, өзіміз тұрған көшеге қарай кел дедік. Сөмкеміз сол арада қалып қалды. Сайран жаққа қарай бардық. Нұралының уайымдап отырғанын көрдім. Екеуміздің арамызда «өлмейтін шығар» деген әңгіме болды. Ол пышақты санынан сұққанын айтты. Мен Денис Теннің қайтыс болғанын біз ұсталған күні таңертең интернет клубтан білдім».


«Кісі өлтіру жоспарымызда болмады» деген сотталушы Денистің анасы мен барша қазақстандықтардан кешірім сұрады.


«Мен Денистің ата-анасынан, барша қазақстандықтардан кешірім сұрағым келеді. Біздің ойымызда кісі өлтіру мақсаты болмады. Мен кезінде сотталған деген қағазым бар болып, жұмысқа тұра алмағандықтан ақша табудың оңай жолын қарастырдым. Біз адам өлтіреміз деп сөз байласып, келіспедік. Ұсталған жағдайда сен маған көмектес деп те келіспедік. Біз тек ұрлық жасауға ғана келістік. Оның іс-әрекеті жан-жақты бақылап тұру болған».