Қазақстан бокс құрамасының жаңа капитаны таңдалды


Қамшыбек Қоңқабаев бокстан Қазақстан құрамасының жаңа капитаны болып сайланды. Бұл туралы АІВА академиясының базасында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында белгілі болды.


Ол аса ауыр салмақта өнер көрсетеді. 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

 

«Команда капитаны деген ат үлкен жауапкершілік жүктейді. Спортшыларға үлгі болып, жол көрсету міндетім деп есептеймін. Жаңа жылдан бастап командаға жас боксшылар қосылды. Құрама біршама жаңарып қалды. Бас бапкеріміз де ауысты. Сол себепті, бәріміз бір жұдырықтай жұмылып, Қазақстан намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз», - деді Қоңқабаев. 


Бұған дейін ұлттық құрама капитаны міндетін атқарған Әділбек Ниязымбетов спорттағы мансабын аяқтады.