Жансая Әбдімәлік - әлемнің үздік шахматшысы


20 жасқа дейін шахмат түрлерінен әлемдік рейтинг жарияланды. Алғашқы орында отандасымыз - Жансая Әбдімәлік тұр, деп хабарлайды Қазақстан Шахмат федерациясы.


«Қызым - менің мақтанышым. Ол үнемі еңбектенеді, шеберлігін тынымсыз жетілдіріп отырады. Осынау тарихи көрсеткіш - оның қыруар еңбегінің жемісі», - дейді спортшының әкесі Данияр Әшіров.


Жансая Әбдімәлік 14 жасында ең жас гроссмейстер атанған. Қазір оның жасы он сегізде.

«Мен үнемі ойынға барымды салуға тырысамын. Осы күнге жеткізген ата-анамның, бапкерлерімнің алдында борыштымын. Иә, бұл - жақсы нәтиже, бірақ тоқмейілсуге болмайды. Мен үшін ең бастысы - күн сайын кешегіге қарағанда жақсырақ ойнау», - дейді жас спортшы.


2018 жылы ол ересектер арасындағы әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысты. Үлкен шахматтан әлем чемпионатында ширек финалға шықса, рапид және блиц бойынша өткен әлем чемпионатында алтыншы орынды иеленді.