Актриса қаза тапқан жол апаты: Жүргізуші түнгі клубта көңіл көтерген

Суретте апаттан қайтыс болған актриса Шолпан Елгезекова


Алматыда 29 желтоқсанда үш адам қаза тапқан жол апатына айыпталушы апат болар алдында түнгі клубта болған. Оқиға туралы қалалық Полиция департаментінде ақпарат берілді.


«Gelandewagen көлігін тізгіндеген мас адамның Абай көшесінде Митсубиси Галантты соғып, үш адамның өмірінің қиылуына себепкер болғанын білеміз. Бірақ сол жүргізушінің «Grand Opera» түнгі клубында арақ ішіп, клубтан мас күйінде шыққанын біреу білсе, біреу білмейді. Түнгі клубтар мен барлардың қожайындары көп жағдайларда құқық бұзушылықтарға жол беріп жатады», - деді қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Ізбасар Бектұров.


Оның айтуынша, қаладағы көп қылмыс көңіл көтеретін мекемелер басшыларының салғырттығынан болады екен. Былтыр түнгі клубтар мен дәмханаларда екі мыңға жуық құқық бұзушылық болған.


«Жаңа жыл түні қарсаңында «Пионерская правда» түнгі клубында келушілер өзара дау-жанжал шығарған. Соның салдарынан клубқа келушілердің бірі ауыр жарақат алып, көз жұмған»,- деді полковник Бектұров.


Оқиғалардың бұлай шиеленісуіне өз көлігімен келгендерге ішімдік сатылуымен қатар, көңіл көтеретін орындардағы күзетшілердің лицензиясының жоқтығы да себеп болады.


«Мекемелердің 50 пайызы күзет қызметін сырттан жалдайды. Олардың көпшілігінің дау-жанжалды ушықтырмай шешуде тәжірибесі жоқ. Осыдан 1 ай бұрын «Эверия» дәмханасында 1 бойжеткен көз жұмды. Дәмханада қауіпсіздік шараларын тек 1 ғана күзетші қадағалаған. Бұл қызметкердің лицензиясы болмағандықтан, ол қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдай алмады», - деді ол.