Денис Теннің соты: Нұралы Қиясовқа жедел жәрдем келді


Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысына жедел жәрдем қызметі шақыртылды. Медицина қызметкерлері асқазаны ауырғаны үшін сотта сөйлеуден бас тартқан Нұралы Қиясовқа көмек көрсету үшін шақырылды.


Тыңдалым өтіп жатқан залға жедел жәрдемнің келуіне байланысты, сот залында жоспардан тыс үзіліс орын алды.


Ақ халаттылар күдікті азаматқа «гастрит» (асқазанның созылмалы қабынуы - ред) деген диагноз қойды. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл ауру Қиясовтың сотта сөйлеуіне кедергі келтірмеуі керек.


Айта кететіні, бүгінгі сот отырысында айыпталушыларға сөз берілді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Арман Құдайбергенов Дениске пышақты Нұралы Қиясов сұқты дейді.

Ал үшінші күдікті деп танылған Жанар Толыбаева болса, тергеу амалдары кезінде тергеушінің өзін ұрып-соққанын айтты.