Жаркентте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі студентті аямай соққыға жыққан


Алматы облысы Панфилов ауданында колледж мұғалімінің студентті аямай ұрып-соққан сәті видеоға түсіп қалған. Педагогтың бұндай әрекетке не себепті барғаны белгісіз.


Студенттердің бірі оқиғаны ұялы телефонына түсіріп алып, таратып жіберген видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр.


Оқиғаның 10 қаңтар күні көпсалалы колледжде болғаны белгілі болды. Бейнедегі кадрдан спорт киіміндегі ер адамның студентті бұрышқа тақап алып, іші мен басқа да жерлерінен тепкілегенін көруге болады. Сонымен қатар балағат сөздер айтып, ұрып-соғады.


Алматы облысының әкімдігі бұл оқиғаның болғанын растап отыр. Аталған факті бойынша, дене тәрбиесінің мұғалімі жұмыстан шығарылған.



Білім басқармасы тексеру үшін арнайы комиссия құрып, тексеруге аттанған. Колледж басшылығы мен педагогқа қатысты шаралар қабылданбақ.


Тексеру барысы әкімдіктің тікелей бақылауында болады.