Депутат: Мадина Әбілқасымова үкіметте отырған ойыншық емес


Мәжіліс депутаты Азат Перуашев көпшілік жаппай отставкаға кетуін сұрап жатқан Мадина Әбілқасымова туралы пікір білдірді, деп жазады Sputnik.kz


Депутат елімізде соңғы күндері бірінен соң бірі болып жатқан қайғылы оқиғаларға байланысты халықтың министрлерден талап етуі орынды екенін айтты.


"Астанадағы трагедиямен қатар Қызылордада үш бала, екі күннен кейін Павлодарда бүтіндей бір отбасы қаза болды, содан кейін Шымкенттегі қайғылы оқиға. Көптеген миллиардтаған бюджеті бар қызметтер болса да, өкінішке қарай, өрт қауіпсіздігі, адамдардың қауіпсіздігі мәселесі бізде екінші орынға сырғып кетіп жатыр", - деді Перуашев


Перуашев әрбір министр саясаткер ретінде өз сөзіне жауап беруі керектігін атап өтті.


"Әрбір шенеунік өз жұмысы үшін жауапкершіліктен бас тартпауы керек. Әбілқасымова (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Sputnik Қазақстан) 16 мың теңге көп деді. Меніңше, бұл үлкен қателік. Бірақ, бұл қателіктің жуырдағы трагедияға тікелей қатысы жоқ...Ол үй бұл сөзден кейін жанып кеткен жоқ, біз осыны түсінуіміз керек", - деді мәжілісмен.


Сонымен қатар депутат Әбілқасымова министр ретінде халықты мазалаған проблемаларды үкімет алдына қою қажеттігін де айтып өтті.

"Ол үкіметте отырған ойыншық емес. Мен Әбілқасымова ханымды құрметтеймін, бірақ министр ретінде ол әлеуметтік салаға жауапты. Сондықтан халықтың талабы орынды деп санаймын. Министрді отставкаға кетіру керек пе? Жұртшылық министрден қандай да бір әрекеті үшін жауапкершілікті талап етуге құқылы. Әрбір министр өз саласына жауап беруі тиіс", - деді Перуашев.


Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың "ата-аналардың түнде жұмыс істеуі – олардың таңдауы" дегеніне қатысты да пікірін білдірді.


"Ата-ана шарасыздықтан барып отыр мұндай қадамға. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі неге көп балалы ата-аналарды түнде жұмыс істеуге жібереді?", - деп ашуланды депутат.


Перуашев өрт қауіпсіздігі мәселесі аймақтық емес, барлық өңірде кездесетін жүйелі проблема екенін атап өтті.


"Өртке қатысты айтар болсақ, бұл төтеншге жағдайлар комитетінің тікелей жауапкершілігі. Отставка туралы сөз қозғасақ, ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің отставкасы туралы айтуымыз керек. Бұл олардың тікелей жұмысы", - деді депутат.