Биліктен күдерін үзген жұрт жолды өздері ашуға кіріскен




CҚО-да Уәлиханов ауданына қарасты Мырзағұл ауылы жиырма күн бойы қар астында қалып қойған. Жергілікті биліктен күдерін үзген халық, азық-түлігі мен дәрі-дәрмек таусылған соң, жабылып қалған жолды өздері ашуға кірісті.


Қалың қардың құрсауында қалған ауыл тұрғындарының жолдағы қарды күреп жатқан видеолары Facebook желісінде тарады. Бейнежазбада жергілікті халықтың аса суық ауа райына қарамастан, біріге көлік жүретін тас жолды қардан тазалап жатқаны көрініс тапты.


Видеоны түсірген азаматтың сөзінше, жергілікті халық қалың қар салдарынан ауылдан шығу мүмкіндігінен айырылған.


«Ауыл жастары өз күштерімен жолды ашып, осылай шығып жатырмыз. Жолдың түрі осы. Жиырма күн болды. Не ұн жоқ, азық-түлік таусылды. Дәрі-дәрмек те жоқ . Жиырма күндей осылай жүріп жатырмыз. Кешегі күні аяз боран басылып, күн тынышталған соң өзіміз қолмен қазып жатырмыз» , - деді видео авторы.