Бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі ұлғаюы мүмкін


Елімізде бала күтіміне байланысты жәрдемақы бір жастан жоғары балаларды күткендерге де төленуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.


«Бұл мәселе қазіргі уақытта Үкімет жанында құрылған жұмыс тобында қарастырылып жатыр. Ең алдымен, бұл, бала бір жасқа толғаннан кейін де көмек көрсету үшін жас шегін ұзартуға, сонымен қатар жәрдемақы көлемін арттыруға қатысты. Мұндай ұсыныстарды енгіземіз. Мұны жүзеге асыруға болады және бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді министр.


Министр балалары бар отбасыларға берілетін жердемақының қолданыстағы жүйесіне сәйкес бала 1 жасқа толғанға дейін жөргекпұл алатындығын айтты. Және оның көлемі отбасыдағы бала санына байланысты теңгерімді екендігін еске салды.


«2018 жылы 395 мың адам баланы дүниеге әкелгені үшін 40,7 млрд теңге жәрдемақы алды. Ал баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты 125 мың адам 30 млрд теңгеге жуық жәрдемақыға ие болды»,- деді ол.


Министрдің дерегінше, мүдегек бала тәрбиелеп отырған 80,6 мың адамға 29,5 млрд теңге жәрдемақы берілді. Мұнан бөлек, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне, көпбала аналарға ай сайын жәрдемақы төленеді. Өткен жылы мұндай 271 мың отбасына 33 млрд теңге бөлінген.