Халықтың сүйікті ұлын Алматыда жақындары еске алды


Бүгін белгілі саясаткер – Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірден өткеніне 13 жыл толды. Саясаткерді бауыры Рысбек Сәрсенбай бастаған жақындары мен әріптестері Әміржан Қосанов, Айдос Сарым, публицист Гүлжан Ерғалиева, журналист Жанболат Мамай, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, Сергей Дуванов және жазушы Қуандық Түменбай сынды бірқатар қоғам белсенділері еске алды.


Жиналғандар оның Қазақстанның демократиялық дамуына қандай үлес қосқанын және ол өлтірілген 13 жылдың ішінде нендей өзгерістер болғанын айтты. Бейбіт шерулерге салынып жатқан тыйымдар мен Қазақстан саясатында бәсекенің жоқтығын сөз қылды. Алтынбек Сәрсенбаев 90-шы жылдардың соңында еліміздің Ақпарат министрі қызметін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болды. 2002 және 2003 жылдар аралығы Ресей елшілігінде қызмет атқарды.


2003 жылы жаңадан құрылған «Ақ жол» Демократиялық партиясының қосымша төрағасы атанды. Партияның бөлінуінен кейін тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясын басқарады. 2006 жылдың 11-ші ақпаны Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның екі көмекшісі – Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды белгісіз біреулер ұрлап кетті. Екі күн өткен соң, олардың денесі Алматы облысы, Талғар ауданы маңынан табылды. 



Марқұмның достары оның өлімі тапсырыспен жасалғанын және биліктегі шенеуніктердің қатысы бар дегенді айтты. Сәрсенбайұлының өлімінен кейін, ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаев пен оның екі орынбасары Владимир Божко және Қозы-Көрпеш Карбусов, «Арыстан» арнайы жасағының командирі Сержан Қойбақов отставкаға кетті. Карбусов пен Божконың өтініші қабылданбады. 


25 ақпан күні Сенат аппаратының төрағасы Ержан Өтембаев тұтқындалды. Ол Сәрсенбаевтың «намысына қатты тигенін», сол себепті, оның өлімін ұйымдастырғанын мойындады.


Ержан Өтембаев


2006 жылы Өтембаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды. Оның тапсырысын орындаған Рустам Ибрагимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ өлімге қатысы бар ҰҚК «Арыстан» арнайы жасағының әскерлері де ұзақ мерзімді арқалады.


2012 жылдың сәуір айында Рустам Ибрагимов Сәрсенбайұлының өліміне тапсырысты Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиев пен ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев бергенін айтты. 2014 жылдың ақпан айында Алтынбек Сәрсенбайұлының ісін сот қайта қарады. Ержан Өтембаевты кісі өліміне көмектесті деп танып, жаза мерзімін 13 жылға қысқартты.


2014 жылдың қараша айында Ержан Өтембаев шартты түрде өзін босатуға өтініш білдірді. Сот оның өтінішін қанағаттандырды. Жәбірленуші тарап үкімге қайта шағымданып еді, сот олардың өтініштерін қабылдамады. Өтембаев 8 жылын түрмеде өткізіп шықты. Өткен жылдың маусым айында ол өмірден өтті.