Зардап шеккен екінші адамның кім екені әлі белгісіз болып отыр


Зардап шеккен екінші адамның кім екені әлі белгісіз болып отыр


Шымкентте жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, нәтижесінде екі адам зардап шекті. Жансақтау бөліміне түскен оларға дәрігерлер шұғыл ота жасады. Ал оқиға орнында жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлеріне жарылыстың себебін анықтау үстінде, деп жазады Sputnik.kz


Оқиға қаладағы Еңбекші ауданы Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Осы ауданның тұрғындары таңғы сағат он жарым кезінде қатты жарылыстың үнін естіген.

"Қатты қорқып кеттік. Үйдің жан-жағын жарты сағаттың ішінде полиция қоршауға алды", - дейді Салима Өскенбаева есімді тұрғын.


Таңғы сағат он бірден бері оқиға орнында полицейлер, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен әскерилер жарылыс себебін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Жарылыс болған үйде жас отбасы үш баласымен бірге тұрады. Таңертең әйелі жұмысқа кеткен, ал екі бала балабақшада, біреуі мектепте болған. Отағасы үйде жалғыз қалған екен. Жарылыс кезінде зардап шеккен екінші адамның кім екені әзірге белгісіз.


«Зардап шеккен екі адамды жедел жәрдем бірінші қалалық ауруxанаға жеткізілді. Жансақтау бөліміне түскен оларға бірден ота жасалды», - деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.


Ал қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта тұрғын үйде қандай заттың жарылғаны анықталып жатыр.