Алдағы үш күннің ішінде Ақтөбеде көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасалынады


Ақтөбедегі Ахтанов атындағы драма театрында әкімдік қызметкерлері көп балалы аналардың өтінішін тыңдады, деп хабарлайды «Радио-Свобода».


Әкімдік қызметкерлерімен кездесуге 100-ден аса көп балалы ана келді, тіпті олардың кейбірі Ақтөбе облысының алыс аймақтарынан келген.


«Мен көп балалы аналарға қосылу үшін арнайы Жарөткел ауылынан 200 км жол жүріп келдім. Біз жеңілдіктер мен жәрдемақыны көтеруді сұраймыз. Басқа ештене керек емес. Бізге көп балалы ана болғанымыз үшін Алтын Алқа берді. Оны үйге іліп қойып, бетіне қарап отырмыз. Соның орнына жәрдемақы өмір сүруге жететіндей етіп көтерсін», - дейді алты баланың анасы Гүлнар Тоқабаева.


Ақтөбе облысы әкімшілігінің ішкі саясат бөлім басшысы Бұлбұл Елеусінова алдағы үш күнде көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, жұмыс жүргізуді бастайтынын айтты. Дегенмен жәрдемақыны көбейту олардың міндетіне кірмейді.


«Бірінші орында олардың мәселелерін шешеміз. Бұл жергілікті басшылықтың міндеті. Ал жәрдемақыны көбейту сияқты мәселелер жоғарғы жақта қаралуы тиіс. Бұл біздің қолымызда тұрған шаруа емес», - деді Елеусінова.


·        Алтыншы ақпанда көп балалы аналар Астана мен Алматы қалаларындағы әкімдікке келіп, өз талаптарын айтты. Олар жәрдемақыны көбейту мен үй алу мәселесін шешуді сұрады.


·        Оныншы ақпан күні әкімдік басшылары көп балалы аналармен кездесіп, өтініштерін тыңдады.