Оқиға орнынан тағы бірнеше оқ-дәрі табылды


Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз xатшысы Алмас Сәдубаев Шымкентте жеке тұрғын үйдің бірінде болған жарылыстың себебін атады, деп жазады Sputnik.kz

Жеке тұрғын үйде ескі артиллериялық снаряд жарылып, екі адам зардап шеккен. Жарақат алған азаматтардың бірі снарядты бөлшектеп, темір ретінде өткізбек болған.

Жедел-іздестіру тобы оқиға орнынан өзге де оқ-дәрілерді тапты. Жарақат алғандардың туыстары ату жарақтары Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 287-бабымен іс қозғалды. Сот алды тергеу жұмыстары басталды.


Естеріңізге сала кетейік, кеше таңертең сағат 11-де Шымкентте Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, салдарынан екі адам зардап шекті. Дәрігерлер 1984 жылы туған ер адамның сол қолы мен аяғын кесуге мәжбүр болды, ол қазір хәл үстінде жатыр. 1998 жылы туған екінші зардап шегушінің сол аяғы сынып, басқа да жарақат алған.


Тұрғындардың айтуынша, жарылыс болған үйде жас отбасы үш баласымен бірге тұрады. Таңертең әйелі жұмысқа, екі бала балабақшаға, біреуі мектепте кеткен.