Ақтауда сот төрағасы «коттедж дауына» қатысты жұмыстан шығарылды. Судьяның пікірінше, ол саяси белсендіні ақтағаны үшін жұмыстан шығарылған


Жақында ғана «коттедж дауына» қатысты жұмыстан шығарылған Ақтау сотының бұрынғы төрағасы Мәлік Кенжалиев бейнеүндеу жариялады. Судьяның пікірінше, ол саяси белсенді Айгүл Ақбердиеваны ақтап алғаны үшін жұмыстан шығарылған.


Кеше, 11 ақпанда Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметінде судья Мәлік Кенжалиев 13 рет дөрекі сөз қолданғаны үшін жұмыстан шығарылғанын айтқан. Мұндай шешімді соттың жюри комиссиясы шығарған. Тоғыз судья «Кенжалиев судья этикетін бұзып, сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіргені үшін жауапты қызметте отырмауы керек» деген шешіммен келіскен.


Сот баспасөз қызметінің мәліметіше, Мәлік Кенжалиевтің үстінен оған жұмыс істеген Өзбекстан азаматы арызданған. 2018 жылдың бесінші қазанында өзбекстандық азамат ҚР Жоғарғы сотына хат жазған. Оның айтуынша, судья Каспий теңізінің жағалауында коттедж тұрғызу үшін бригада жалдап, олардың жұмысы үшін 3,6 миллион теңге төлеймін деп келіскен. Алайда жарты қаражатты екі жыл қатарынан бермей, бригадирді қорқытқан.


Соттың дерегінше, Кенжалиев бригадирмен жеке 1,5 минут сөйлескенде, 13 рет дөрекі сөз қолданған.


Кейіннен Facebook желісінде «құрылысшының» судьядан жауап алғысы келген бейне жазбасы таралды.



Осыдан кейін Мәлік Кенжалиев бейнеүндеу түсіріп, өзін саяси белсенді Айгүл Ақбердиеваны ақтап үкім шығарғаныүшін жұмыстан шығарды деп есептейтінін айтты.


«Жоғарғы сот төрағасы Асанов, сот жюри коллегиясының төрағасы Шегенов, Рахметуллин – қылмыстық істер коллегиясының төрағасы, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Даулиев мені заңсыз жұмыстан шығарды. Бұған судья Гүлнар Байтурова екеуміздің Ақбердиеваға қатысты үкіміміз себеп болды. Ол 179 тармақтың екінші бөлігі «Пропаганда немесе билікті басып алуға шақыру және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын өзгерту» бойынша айыпталған. Мен оны ақтап шықтым. Себебі бұл істе қылмыстық құрам болған жоқ», - дейді Кенжалиев.



Маңғыстау облысының Ішкі істер департаментінің тергеушісі, капитан Нұрсұлтан Жамбаевтың Ақбердиеваға қатысты айыптауларында «ол «Қазақстанның демократиялық таңдауы» («Демократический выбор Казахстана») Telegram-чатында 2018 жылдың ақпанында «Айкена» «Айкен», «Айгөлек» никтерімен тіркеліп, билікті басып алу туралы бірнеше хат жазды» делінген. 


2019 жылдың 6 ақпанында Ақтауда судьялар Кенжалиев пен Байтурова «қылмыстық құрамның жетіспеушілігіне байланысты» Ақбердиеваны кінәсіз деп үкім шығарды.


Айта кетейік, Ақбердиеваға үкім шыққан кезде еліміздің бірнеше қаласында көпбалалы аналар қарсылық акцияларын өткізіп жатқан. Ақбердиеваның төрт баласы бар.


Әлеуметтік желіде қазақстандықтар Кенжалиев пен Байтурованы қолдауға қатысты челлендж өткізуде.