Депутат Дәурен Абаевқа «Өз ойым» сияқты бағдарламаларға қатысты сауал жолдады


Мәжіліс депутаттары телеарналарда азғындықты ашық дәріптейтін бағдарламаларды көрсетуге тыйым салуды ұсынды, деп жазады Sputnik.kz.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Кәрібай Мұсырман ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұл жолы депутаттар телеарналарда көрсетіліп жатқан бағдарламалар мәселесін көтерген.

"Кейбір телеарналарда ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ түгіл, оларды өрескел бұрмалайтын, тіпті неше түрлі азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерді көрсету тыйылмай тұр. Мәселен, жуырда "Өз ойым" бағдарламасында абыройын ақшаға сататынын жариялаған қазақ қызының шектен шыққан ұятсыз қылығы мен оны осындай рөлді ойнауға үгіттеп көндірген телеарна қызметкерлерінің "атын шығару үшін жер өртеуге" дейін баратын теріс пиғылы жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызды", - деді Кәрібай Мұсырман.

 

Депутаттың айтуынша, елбасы Назарбаев ұсынған "Туған жер" және "Ауыл ел бесігі" бағдарламалары мемлекеттік телеарналарда жеткілікті насихатталмайды.


"Осы орайда республикалық бюджеттен мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуге бөлінген қаржы жылдан-жылға көбейтіліп отырғанын ескерсек, мәселен, былтыр 46 миллиард 587 миллион теңгеден астам, ал биыл 49 миллиард 482 миллион теңге бөлінген. Осынша қаржының тиімділігі қандай деген сұрақ туындайды", - деді мәжілісмен.

Депутат республикалық және өңірлік БАҚ басшыларының және қызметкерлерінің қатысуымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін кеңінен талқылауды ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ, БАҚ-та ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалау керектігін атап өтті.