Telegram арқылы шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын біле аласыз


Шетелге шығуға тыйым салынғанын немесе салынбағанын Telegram арқылы білуге болады, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметі.  


«Мұны азаматтар бірнеше тәсіл арқылы тексере алады. Солардың бірі - Telegram қосымшасындағы @EgovKzBot. Бот қызметін таңдағаннан кейін пайдаланушы «Борышкерлер тізілімі және шет елге шығуға тыйым салу бойынша тексеру» сервисіне өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Борышкерлер тізімінде болмаған жағдайда, автоматтандырылған ақпараттық жүйе берілген ЖСН бойынша ешқандай деректердің табылмағаны жөнінде хабарлама жібереді. Бот арқылы сапарға бірге шығатын туысқандарыңыздың не достарыңыздың да берешегін тексеруге болады. Керекті ақпарат сұрау жіберілгеннен кейін бірден көрсетіледі», - делінген хабарламада.


Бір жыл бұрын іске қосылған @ЕgovKzBot-ты 300 мыңға жуық қазақстандық қолданып үлгерді. Бот қызметін пайдалану үшін қазақстандықтар мобильді азаматтар базасында тіркелуі қажет. Қазіргі күні базаға 6,8 млн адам өз мәліметтерін енгізген.    


Сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңба иелері egov.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы айыппұлдың бар-жоғын тексеріп, берешек анықталған жағдайда, портал арқылы қарыз өтеуге болады.  


Қазақстан аумағынан шығуға шектеу салық, айыппұл немесе басқа адамдар алдында сотқа жүгінуге дейін апарған қарыздар, алимент, сонымен қатар коммуналдық қызметтер бойынша берешегі барларға қойылуы мүмкін.