Қызылордада түрмедегі баласына есірткі өткізбек болған ана ұсталды


Қызылорда облысының ЗК-169/1 мекемесінде баласына есірткі өткізбек болған азаматша ұсталды. Бұл туралы облыстық  қылмыстық-атқару жүйесі департаменті хабарлайды.


Азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен қамауда отырған баласына жасыл түсті өткір шөп тәріздес зат өткізбек болған. Әйел оны баласына алып келген спорттық аяқ киімге жасырған.


Департамент сотталғандарға тыйым салынған заттар мен бұйымдардың мекеме аумағына өту жолдарын дер кезінде анықтады. Оқиға орнына Қызылорда қаласы полиция басқармасы жедел-тергеу тобы шақырылған.


Есірткі дер кезінде тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.


«Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша оның марихуана екені анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.