Үндістандықтар Түркістан облысында тау-шаңғы курортын салады


Алматыда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев «Chaudhary Group (CG Global)» трансұлттық компаниясының басқарма төрағасы Бинод Чаудхари жəне атқарушы директоры Варун Чаудхаримен кездесті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.  


Басқосуға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдері мен ҚР Үндістандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Болат Сарсенбаев қатысты.


Кездесу барысында М.Мырзалиев Түркістан облысындағы бірқатар қолжетімді жобаларды таныстырып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен қазіргі тұрмыс-тіршілігі жайында толыққанды ақпарат берді. Осыдан соң «Chaudhary Group (CG Global)» компаниясының өкілдері «Қасқасу» тау-шаңғы курортын салып, соған лайық қонақ үйлер мен инфақұрылым жүйелерін тартпақ. Жобаны жүзеге асыру үшін Испания немесе Швейцариядан тәжірибелі мамандарды шақыру жоспарлануда.


Бұдан бөлек, Түркістан өңірінен қонақ үй алып, кеспе өнімдерінің өндірісін кеңейту және өңірде «Food Park» азық - түлік паркін құруды талқылады.


Сондай-ақ, жиын барысында «Chaudhary Group (CG Global)» өкілдері Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келетін болады. Іссапар аясында Қазығұрт ауданының индустриалды аймағында болып, ондағы тез дайындалатын кеспе өндірісі бойынша зауыт құрылысының барысымен танысады. Зауыт 2019 жылдың 1 шілдесінде толық іске қосылады. Жобаның инвестициялық құны 15 млн. АҚШ долларын құрайды. Өндірілген кеспе өнімдері Ресей, Өзбекстан жəне Қырғызстан секілді елдерге экспорттау көзделуде.