«Директор кетсін»: Алматыда мектеп ұстаздары сабақ беруден бас тартты


Алматыда №180 мектеп ұстаздары директордан қорлық көргендерін айтып, сабақ беруден уақытша бас тартты, деп жазады КТК.


Педагогтардың айтуынша, жаңа басшы Ләззат Дәулетбек небәрі 4 айдың ішінде қызметкерлерге дөрекілік көрсетіп, қорлаған. Енді мұғалімдер басшының жұмыстан кетуін талап етіп отыр.


«Біздің мектепте мұғалім мәртебесі көтерілмейді. Жаңа директор келгеннен бері біздің адамгершілік құқығымызға зиян келіп жатыр», - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бақыт Самылтырова.

Университетті енді бітіріп келген жас мамандарға екі есе қиын. Директор жас ұстаздарды ауруы жанына батса да, жиналысқа қатысуға мәжбүрлейді екен.



«Менің басымды кене шағып алды. Басым ісіп, бастығымыздың алдына барған кезде «басымды қатырмашы» деді. Сосын мен ауруханаға кешігіп бардым. Үлгере алмай қалдым», - деді өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, Жұлдыз Жаппарханова.

Директор өзіне қарсы келгендердің ізіне түсіп, қуалайды. Тіпті кейбірінің сағатын тартып алады. Еден жуушыларға да солай. Мардымсыз айлық алатындар күніне 12 сағат жұмыс істеп, қақаған суықта сенбілікке де шығады.



«40 градуста даланы жуғызды. Ауырып қалдық. «Апай, болмайды ғой десек» ауыздарыңды жап деді. Екі ай мен 73 мың алып отырмын. «Неге мен 63 мың алуым керекпін?»десем «Заң бойынша солай. Істесең істе, істемесең кет». Мен қыстың күні қайда барам?», - деді еден жуушы, Әлия Смағұлова.


5 жыл бұрын ашылған мектепте 180 ұстаз еңбек етеді. Ал, дөрекі директорға қандай шара қолданылатыны әзірге жұмбақ. Ұстаздардың арызынан кейін бұл іске қазір қалалық және аудандық білім басқармасының өкілдері араласты. Алдағы 2 аптаның ішінде мұғалімдердің шағымы жеке-жеке қаралатын болады. Осыдан кейін комиссия мектеп директоры Ләззат Дәулетбекке қатысты нақты шешім шығарады.