Мемлекет басшысы Армения Президентімен кездесті


Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлімдейді.


Армен Саркисян елімізге Астана экономикалық форумына қатысуға келді. Тоқаев мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.


«Қазақстанда армян ұлтының өкілдері өзге этностармен жарасымды өмір сүріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Екіжақты ынтымақтастықтың бастауында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Сол кісінің идеясының негізінде құрылған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз да артып келеді. Сонымен қатар БҰҰ сияқты ғаламдық, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сынды аймақтық ұйымдарда да ұстанымымыз жақын», - деді мемлекет басшысы.


Саркисян елордада құрылған «Астана» Халықаралық қаржы орталығының маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда айналымының 30 пайызға артқанын да атап өтті.


«Біз халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты қарым-қатынаста да ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Астана қаржы орталығының құрылуы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамыта түсетініне сенемін», - деді Армения президенті.