Бүгін елордада XII Астана экономикалық форумы өтті


Бүгін елордада XII Астана экономикалық форумы өтті. Форум барысында Нұрсұлтан Назарбаев елімізде болып жатқан билік транзиті туралы айтты.


"Бүгін мен алдарыңызда алғаш рет президент лауазымында сөйлеп тұрған жоқпын. Елімізде алғаш рет билік транзиті жүзеге асырылып отыр. Маған күні бүгінге дейін хабарласып, тілектестік білдіріп жатқан әріптестеріме, әлемнің түрлі саясаткерлеріне зор алғысымды білдіремін. Менің бар қызметім сол – қазіргі президентке қолдау көрсету, басталған жұмысты одан ары жалғастыру", - деді Елбасы.


«Алғаш рет еліміздің жаңа тарихында Конституцияға сәйкес демократиялық жолмен бейбіт жағдайда билік транзитін жүргізудеміз. Бұл ретте маған хабарласып, хат жазып, қолдау білдірген әлем елдерінің саясаткерлеріне алғыс айтамын», - деді Назарбаев.


Айта кетейік, елордада XII Астана экономикалық форумы «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбында өтіп жатыр. Форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда.


Форумға қатысатын шетелдік қонақтар қатарында Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян, Nokia Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Пол Гомер сынды танымал тұлғалар бар.


Шетелдік қонақтардың сауалына жауап берген Елбасы, бес рет президенттік сайлауға түсіп, олардың барлығында жеңіске жеткендігін атап өтті.



"Бес рет сайлауға түсіп, жеңіске жеттім. Қай ел болмасын, жетістіктерге жету үшін, президент халықпен бірге болуы керек. Әр сайлау сайын маған 85 пайыздан кем дауыс бермейтін. Биыл менің мандатым жалғасқанымен, мен президенттік өкілеттікті тапсыру туралы шешімге келдім. Бірақ егер сайлауға қайта түссем, халықтың маған 100 пайыз дауыс беретініне сенімдімін", - деді Назарбаев.



Сонымен қатар, елбасы Қазақстандағы жалпыәлемдік урбанизация үрдісі туралы сөз қозғады.


«Қазақстандағы урбанизация белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан халқының 40% ауылдарда тұрады. Алайда олардың 20% қалада, 20% - ауылда жұмыс істейді. Бізде ірі қалалардың саны артып келеді. Ел астанасы 20 жылда 180 мың адам тұратын провинциалды қаладан миллиондық мегаполиске айналды. Алматы қаласының тұрғындары 2 млн асады. Өткен жылы миллиондық қалалар сапына Шымкент қаласы қосылды. Тағы екі қаланы осы қатарға қосуды жоспарлап отырмыз», - деді ҚР тұңғыш президенті.