Назарбаев пен Тоқаев қатысып жатқан форум алдында көпбалалы аналар шеруге шықты



Астана экономикалық форумы өтіп жатқан ғимараттың алдына бір топ көп балалы аналар жиналды. Олар биліктен баспана мәселесін шешуді сұрап жатыр, деп жазады Азаттық радиосы.


Жиналғандардың ішінде мүгедек баланы тәрбиелеп отырған және көп балалы аналар мен жалғызбасты аналар бар. Олар «балаларға баспана керек» деп ұрандады.



Алдымен аналар қала әкімдігінің алдына барып, кейіннен "Астана" экономикалық форумы өтіп жатқан ЭКСПО конгресс орталығына қарай бағыт алды. Айта кетейік, аталмыш форумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр. 


Аналармен кездесуге Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев шықты. Олар жиналғандарды автобусқа мінгізіп, қалалық әкімдікке алып кетті.



Аналар автобустың ішінде министрге өз сұрақтарын қойды.


«Кезек жылжымайтынын зерттеу керек. Он жыл, жиырма жыл тұрса кезегі неге жылжымайды? Оны қарау керек», - деді министр.


Министр журналистің "көпбалалы аналардың мәселесі толығымен шешіледі ме" деген сұрағына:


«Шешіліп жатыр ғой енді, сіздер білесіздер бірінші сәуірден бастап, аналарға ақша төленіп жатыр, оқушыларға тегін тамақ беріліп жатыр, шешіліп жатыр. Сіздер білесіздер ғой», - деп жауап берді.


Аналар қала әкімі және министрмен бірге қалалық әкімшілікке келді.



Әкімдік ғимаратына келгенде билік өкілдері журналистердің аккредитациядан өтпеген айтып, олардың ғимаратқа кіруіне қарсы болды. Ал жиналған жұрт "әкімдікке журналистерсіз кірмейміз" деп талап қойды.



«Мәселе кімдікі? Сіздердікі ме? Ол журналистің мәселесі емес. Сізге мәселенің шешілуі керек пе? Онда менімен жеке сөйлесуңіз керек қой», - деді Сапарбаев.



Министр мен қала әкімі қабылдауға дайын екендіктерін айтып, ғимараттың ішіне кіріп кетті. Бақыт Сұлтанов сөйлесуге журналистердің кірмейтінін үзілді-кесілді айтты.



Артынша әкімдік баспасөз қызметі тілшілерге қабылдауға қатысуға рұқсат беріп, заңды түрде тіркелуді сұрады.


«Астана әкімдігі ашық. Заң бойынша қабылдау барысына БАҚ өкілдерін біз шақыруымыз керек. Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай, мен сіздерді шақырмадым. Сондықтан сіздерден сұрарым, менің шақыртуыммен аккредитациядан өтіп келуіңізді сұраймын», - деді әкімдіктің баспасөз хатшысы.



Қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қала әкімі бүгін жиналған аналардың барлығымен жеке және жалпы жиналыс өткізеді.


"1 мамыр күні 25 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Ал жыл соңына дейін 2000-ға жуық баспананы кезекпен береміз деп жоспарлап отырмыз", - деді әкімдіктің баспасөз хатшысы.


Қала әкімі Бақыт Сұлтанов барлық аналармен жиын өткізіп жатыр. Әкімінің айтуынша, баспана тек кезек бойынша беріледі.



Аналар баспана бойынша әкімге өз сұрақтарын қойды. Олар баспана беру ретінің және шарттарының дұрыс еместігін алға тартуда.