Алматыда тағы да наразылық шеруі өтіп жатыр


Бүгін, 12 маусымда сағат 18:00-де Алматыда рұқсат етілмеген наразылық шеруі болады деп күтілді. Бірақ, шеру болмады. Дегенмен 200-ге жуық адам ұсталды.


Сагат алтыдан кейін, полиция Балуан Шолақ стадионының жанынан бірнеше адамды ұстап әкетті. Сонымен қатар тағы бес адамды ескі алаң маңынан алып кетті. Ұсталғандардың кейбірі өздерінің жай ғана кетіп бара жатқандарын айтты.



Полиция өкілдері бірнеше адамды Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде тұтқындады.



Қаланың орталық көшелері мен алаңдарын полиция өкілдері мен ұлттық гвардия қызметкері қоршауға алған. 



Айта кетейік, оқиға орнында жүрген тілшілердің айтуынша, полиция қызметкерлері барынша салмақты әрі сыпайы түрде жұмыс жасап жатыр.



Артынша, «Астана» алаңында тағы он адам ұсталған, жарты сағаттан кейін он бес шақты адамды полиция көлігіне салып алып кетті.





Сағат 18.42-де ескі алаңда жиырмадай адамның ұсталғаны белгілі болды


"Қорықпаңыз, қорықпаңыз. Біз тек сіздің құжаттарыңызды тексеріп, жібереміз", - деп жүр ескі алаңда жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің бірі.



Сағат 19:00-де 30-ға жуық адам ұсталды.



19.10-да Төле би көшесіндегі қозғалыс жабылып, 40-қа жуық азаматтың ұсталғаны анықталды.




19:30-ға қарай ұсталған адамдарды қоғамдық көліктерге отырғызып, алып кетті. Журналистердің көзінше адамдарды алаңда кетіп бара жатқан №40 автобусқа тиеп алып кетіп жатыр.



Журналистердің есебі бойынша, полицейлер шамамен 100-ге жуық адамды ұстады.



Саясаттанушы Димаш Әлжанов полицейлерге "Оян Қазақстан" деп жүгіргені сол еді, оны да ұстап әкетті.



Сәлден кейін тағы да біраз адам ұсталды. Сағат сегізге қарай "Тоқаев - жарайсың, Назарбаев - жарайсың" деп айқайлаған орта жастағы ер адамды көлікке тиеп алып кетті.



Сағат 20:36-да адамдарды ұстау жалғасуда. Журналистердің шамамен есептеуінше, полицейлер 300-ге жуық адамды құрықтаған.



Сағат 21:00 шамасында ұсталған адамдармен бірге екі журналистің ұсталғаны белгілі болды. Әзірге оларды қайда алып кеткені туралы ақпарат жоқ.


Оқиға орнына Алматы полиция департаментінің бастығы Серік Құдебаев келді. Бірақ, ол түсініктеме беруден бас тартты. Осы сәтте алаңда тек полицейлер мен өтіп бара жатқан адамдар ғана қалды.