Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтау жалғасуда


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары келіп түсуде.


Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Чже Ин құттықтауында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығая түсетініне сенім білдіріп, Мемлекет басшысын Сеулге сапармен келуге шақырды.


«Қос тарапқа қолайлы уақытта Өзіңізбен Сеул қаласында тағы да кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жасампаз диалогымызды жалғастыруға дайынмын», – делінген жеделхатта.


Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани да Тоқаевты құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Ол екі елдің көпжақты қарым-қатынастарының тереңдей түсетініне сенім білдірді.


Люксембургтің Премьер-Министрі Ксавье Беттель Қазақстан Президентіне құрмет білдіріп, табыс тіледі.


«Мен Қазақстан мен Люксембург арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту үшін Сізбен ынтымақтастықты жалғастыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын», – делінген жеделхатта. 


Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте өз құттықтау хатында Литва мен Қазақстан арасындағы екі жақты деңгейдегі достық қарым-қатынастар мен өзара диалогты жалғастыруға сенім білдірген.


Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын жеңісі Қазақстанның заманауи әрі серпінді мемлекет ретінде одан әрі сенімді дамуының негізі болатынын атап өтті. 


«Біздің интеграциялық бірігуіміздің дамуына Сіздің қатысуыңыз Одақтың тұрақты, мақсатшыл жолмен жүруіне және әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналуына септігін тигізеріне сенімдімін», – деді Тигран Саркисян.


Мемлекет басшысы Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнимен телефон арқылы сөйлесті. Екі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, жауапты әрі жоғары мемлекеттік лауазымына табыс тіледі.


Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әмреев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Жалпыға ортақ еңбек федерациясының Бас хатшысы Владимир Щербаков, «Газпром» көпшілік акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алексей Миллер құттықтау жолдады.