Енді полицейлер мектеп түлектер кешіне қатысады


Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері мектеп бітіру кештерінде тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайды, деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.


12-21 маусым аралығында қаланың барлық мектептерінде түлектер кеші өтеді.


«Осыған байланысты, полиция қызметкерлері іс-шаралар өткізілетін жерлерде қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау мен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауда. Әр білім беру ұйымына департаменттің полиция қызметкерлері бекітілген. Қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, мектепті бітіру кештерінде тікелей іс-шаралар өтетін орындардың жанында патрульдік полиция нарядтары кезекшілік етеді. Жол және қоғамдық қауіпсіздікті 400 полиция мен 40 автопатруль жүзеге асыратын болады», - деді департамент.


Мәлім болғандай, полиция бұған дейін оқу орындарының оқытушыларымен кездесіп, негізгі қауіпсіздік шараларын түсіндірген.


Сонымен қатар, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар түнгі уақытта ата-ананың немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз үйінен тыс жерде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі, 2-бөлігі, 3-бөлігі «кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерде болуы» (ескертуден бастап айыппұлға дейін 15 АЕК) атап өтті.