БҰҰ: Қазақстан билігінің бейбіт наразыларға жасаған әрекеті көңіл құлазытады


БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы Қазақстан билігінің 9-10 маусым күндері азаматтарды ұстап, қамауға алғанына алаңдаушылық танытып, адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға шақырды. Бұл туралы ұйым кеше мәлімдеді.


"9 маусымда өткен президент сайлауы кезінде және одан кейін Қазақстан билігінің бейбіт наразыларға, белсенділер мен журналистерге жасаған әрекеті көңіл құлазытады. Ой білдіру мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі – ашық әрі дамыған қоғамның негізгі сипаты. Наразыларға нақты бір себепсіз кедергі келтіру тұрақтылық пен әлеуметтік бірлікке зардабын тигізеді", - деп жазды БҰҰ адам құқықтары кеңсесінің Орталық Азия бойынша жетекшісі Ришард Коменда.


"Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында қаншама адам ұсталып жатқанынан және полиция бөлімшелерінде түнгі уақытта көбіне адвокаттың қатысуынсыз жедел соттардың өткенінен хабардармыз", - деп жазады БҰҰ басқармасы.


Коменданің сөзінше, бұл – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне айқын қайшылық.


"Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырамын", - деп жазады ұйым өкілі.


Естеріңізге сала кетсек, сайлау күнінен бері еліміздің бірқатар қалаларында адамдар митингіге шығуда. Оларды полиция қызметкерлері ұстап, бірнеше күнге тұтқындап жатыр.