Митингілер кезінде екі күннің ішінде 9 журналист ұсталды


Ішкі істер министрлігі митингілер кезінде ұсталған журналистерге қатысты мәлімдеме жасады.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболовтың айтуынша, 9-10 маусым күндері құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтан мен Алматыда 9 журналисті ұстаған.

"Осы жерде бір мәселені атап өткім келеді, журналистерді ұстау кезінде олардың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі екенін көрсететін ешқандай белгісі болмаған. Қолында микрофон да, камера да болмады. Журналистер болып жатқан жағдайды ұялы телефонға түсіріп тұра берген", - деді Байболов баспасөз мәслихатында.


Оның сөзіне қарағанда, журналистер митингке шыққандардың арасында жүрген. Сондықтан құқық қорғаушылар кімнің журналист екенін бірден айыра алмайды.



"Бірақ олардың журналист екенін анықтағаннан кейін бірден босатты. Ал бір журналисті соққыға жығу фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Полицияның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Ол жайында біз тағы қосымша хабарлаймыз", - деп атап көрсетті Байболов.


Бас прокуратураның өкілі Сапарбек Нұрпейісовтың айтуынша, журналистердің тарапынан арыз-шағым түскен жоқ.


"Егер ондай шағым түссе, біз тиісті шара қолданатын боламыз", - деп атап көрсетті Нұрпейісов.