Дәл қазір Арыста не болып жатыр


Бүгін таңертең Түркістан облысындағы Арыс қаласының әскери бөлімшесінде жарылыс болды. Осыған орай, HOLA News тілшісі өңірде болып жатқан жаңалықтарға шолу жасады.


Жарылыс туралы хабар таңертең тарады.


"Бүгін, 9.20-да өртсөндіру қызметінің пультіне Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім территориясында қоймада жарылыс болып, артынша өрт шыққаны жайлы хабар түсті. Оқиға орнына Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 30 адамы мен 8 дана техникасы тартылды", - деп хабарлады ІІМ ТЖК өкілдері.




Артынша, Қорғаныс министрлігінің өкілдері Арыстағы жарылыстарға қатысты мәлімдеме жасады.


«24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласының маңында орналасқан ҚР ҚК арсеналдарының бірінде оқ-дәрілер сақталған ғимараттан өрт шықты. Қазіргі уақытта қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығы оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберді, Қарулы Күштер жеке құрамының күші апат салдарын жою және азайту бойынша іс-шаралар ұйымдастырып жатыр», - делінген хабарламада.


Бірнеше сағат бұрын, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасы жарылған Арыс қаласына аттанып кетті.


«ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев орын алған жайттың мән-жайын өзі анықтап, шаралар қабылдау үшін оқиға орнына аттанып кетті», - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.


Кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыста болған жарылыстың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.


«Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қ. әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет» - деп жазды Президент өзінің twitter парақшасында.


Эвакуация жұмыстары қалай жүріп жатыр?


Жойқын жарылысқа байланысты Арыс тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты.


«Арыс қаласы әкімінің өкімімен халықты Арыстан 50 шақырым жердегі Монтайтас ауылдық округіне эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 20 автобус жұмылдырылды. Сонымен қатар халықты көшіру үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді. Шымкент қаласында 15 эвакуациялау бекеті құрылды. Қазіргі уақытта Арыстан 17 бала жеткізіліп, Самал-3 шағынауданындағы Назарбеков атындағы №87 мектепке орналастырылды», - деді ол.


Оқиға орнына ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер де аттанып кетті.


«Өртті сөндіруге Түркістан облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшесінің күштері мен құрал-жабдықтары, жеке құрамның 75 маманы мен 16 техникасы жұмылдырылды. Өрт орнына қосымша Шымкент қалалық ТЖД-ның 118 маманы мен 7 техникасы жіберілді», - деді ресми өкіл.


Н.Нұрахметовтің айтуынша, төтенше оқиға орнында ҚР ІІМ бөлімшелерінен жеке құрамның 463 маманы мен 53 техникасы, оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 193 қызметкері мен 23 техникасы, полиция бөлімшелерінің 270 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылған. 



«Төтенше жағдайды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ», - деді ол.


Ал Түркістан облысы әкімдігінен мәлім еткендей, қала тұрғындарын эвакуациялау үшін 3 лагерь ұйымдастырылды:


1. Ақдала бұрылысы;

2. 41 разъез

3. Су қоршауы.


«Барлық үш бағыт бойынша әскери көліктер, қосбілікті камаздар, арнайы отрядтар қозғалады. Оқиға орнына жеткеннен кейін тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып, орналастыру лагерьлеріне бөледі. Барлық әлеуметтік нысандарды (балалар, ауруханалар) полиция қызметкерлері эвакуациялайтын болады. Айта кетерлігі, Бөген су қоймасына ешқандай қауіп жоқ, тиісті мамандар жағдайды бақылауға алып отыр. Сонымен қатар Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орынға арналған қосымша госпитальдар тігіліп, 30 жедел жәрдем көлігі жұмыс істеуде», - делінген әкімдік ақпаратында.


Әлеуметтік желіде тараған видеоларда Арыс халқының қаладан жаппай қашып жатқаны көрінеді.



Аз уақыт бұрын Otyrar.kz Шымкенттегі ауруханаға зардап шеккен он адам жеткізілгенін хабарлады. Жапа шеккендердің үшеуі ауыр халде.


Оқиғаға байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те мәлімдеме жасады. Ол адамдардан снаряд атылып жатқан жерлерді хабарлауды сұрады.




«Құрметті азаматтар, Арыстың штабынан сөйлесіп тұрмын, әлеуметтік желілерде түрлі бейнелерді зардап шеккендермен бөлісіп жатыр, егер түсірсеңіз, онда мекен-жайын жазыңыз, біз барып адамдарды жинаймыз», - деді Шүкеев.



Мақала толықтырылады.