Арыстағы түн: Тоқаев оқиға орнын аралап, халықпен кездесті


Кеше түнде Арыс қаласына арнайы сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесті.



«Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар!. Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Арнайы келіп отырмын», - деді Тоқаев.



Сонымен қатар, президент оқиға орнын аралап көріп, жарылыстардан зардап шеккендер жатқызылған Шымкент қаласындағы ауруханаға барды. Президент төтенше жағдай болған аймақта дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.


Естеріңізге сала кетсек, 24 маусым күні таңертең Түркістан облысындағы Арыс қаласының әскери бөлімшесінде жарылыс болды.


ІІМ Арыстағы жарылысқа байланысты Қылмыстық кодекстің "Қару және қауіпті заттарды сақтау ережесін бұзу" бабы (462-бап, 1-тармақ) бойынша іс қозғады.


Оқиға салдарынан көлігіне снаряд түскен бір адамның қайтыс болғаны белгілі болды.


43 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласы Шымкенттен 97 шақырым жерде жатыр.