Арыстағы жарылыс: Әскери адам мерт болды


Арыстағы жарылыс салдарынан тағы бір адам көз жұмды. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Үкімет отырысында мәлім болды.


Қаза тапқан екінші адамның есімі - Әлімбеков Б. Ол аға сержан қызметін атқарған.


«Қаза тапқандардың бірі Арыс қаласының тұрғыны болған. Снаряд автокөлікке түсіп, оның ішіндегі адам көз жұмды. Мерт болған адамның екіншісі - Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі. Оның денесі іздеу жұмыстары кезінде әскери бөлімнен жақын жерден табылды», - деді Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оқиға орнында болып, төтенше жағдай бойынша нақты тапсырмалар берді. Барлық тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Арыс қаласының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Өкінішке қарай, екі адам - азаматтық тұлға және әскери қызметкер қаза тапты. Осы орайда, олардың туған-туыстарына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.


Вице-министрдің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта оқиға орнында саперлер жұмыс жүргізіп жатыр және жарылыстар жалғасқандықтан өрт сөндіру жұмыстары тоқтап тұр