Таразда перзентханадан жаңа туған сәби ұрланды


Тараз қаласында перзентханадан жаңа туған сәби ұрланды, деп хабарлайды Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Жаңа туған сәбидің анасы Тараз полициясына 8 шілде күні арызданған. Оның айтуынша, облыстық перинаталды орталықта жатқан сәбиін белгісіз біреулер ұрлап кеткен.


Арыз келіп түскен соң, құқық қорғаушылар барлық бейнебақылау камерасының жазбасын тексеріп, күдіктінің перзентханадан шыққаннан кейін қай бағытқа бет алғанын анықтады.


Ұрланған нәресте перзентхана маңындағы қонақ үйдің бөлмесінен табылған.


"Ауыр қылмыс екі сағатта ашылды, сәби анасына қайтарылды", - делінген хабарламада.


Нәрестені ұрлады деген күдікпен Жамбыл облысы Қаракемер ауылының тұрғыны 22 жастағы әйел ұсталды. Күдіктінің емшектегі сәбиі бар екені ескеріліп, бұлтартпау шарасы таңдалуда.


Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-тармағы 1-тармақшасы "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен кәмелетке толмағандарды сату" бойынша тергеу басталды. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.