Қазақстан жол сапасы бойынша аутсайдерлер қатарында


Қазақстан автокөлік жолдарының сапасы бойынша аутсайдер елдердің қатарында тұр. Бұл туралы бүгін автомобиль жолдары саласындағы проблемалар талқыланған кеңесте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов хабарлады.


«Жол салу кез келген мемлекет үшін өте маңызды. Сондықтан біз де оған үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Бүгін барлық проблемаларды талқылап, тиісті шешімдерге келеміз деп үміттенемін», - деді Олжас Бектенов.


Орынбасардың айтуынша, 2018 жылдың қорытындысында әлем елдерінің автомобиль жолдарының сапасы рейтингінде еліміз 140 елдің ішінде 106 орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіш – аутсайдерлік позиция болып саналады.


«Оған белгілі бір деңгейде сыбайлас жемқорлық себеп болып отыр. Соңғы 3,5 жылдың ішінде жол құрылысы саласында шамамен 100 жемқорлық құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сотталғандардың қатарында «ҚазАвтоЖолдың», жергілікті атқарушы органдардың «Облжолзертханалар» базасында құрылған Жол активтерінің сапа орталығының лауазымды тұлғалары және өзге де құрылымдардың өкілдері бар. Күні кеше ғана БАҚ-тан көрдіңіздер, «ҚазАвтоЖолдың» Павлодар филиалының және Жол зертханасының басшыларына үкім шықты», - деді ол.


Бектеновтың дерегінше, жол құрылысы саласындағы жемқорлық негізінен келісімшарттарға қол қою үшін пара берумен, заңсыз кәсіпкерлік қызметке қамқорлық жасаумен және әкімшілік шаралар қолданбаумен, сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар барысында ақша қаражаттарын ұрлаумен байланысты болып отыр.