«Қайрат» пен «Ордабасы» УЕФА Еуропа лигасын жеңіспен бастады


Еліміздің «Қайрат» пен «Ордабасы» командалары УЕФА Еуропа лигасын жеңіспен бастады. Қайрат сырт алаңда, ал Ордабасы өз алаңында ойнады.


Алматылық клуб босниялық "Широки Бриегпен" 12 шілдеге қараған түні "Пецара" стадионында кездесті. Ойын 2:1 есебімен аяқталды. 


"Қайрат" матчтың 29-минутында алға шықты - жартылай қорғаушы Бауыржан Исламханның пасынан кейін украиналық форвард Адеринсола Эсеола қанжығасын майлады. 


Бірақ босниялық ойыншылар есепті жылдам теңестірді – 34-минутта ресейлік хавбек Иван Ениннің алыстан бағыттаған добы Стас Покатилов қақпасына еніп кетті. 


"Қайрат" 58-минутта айып соққысын голға айналдыра алды. Эсеола дубль жасап, матч нүктесін қойды. 


Енді "Қайрат" пен "Широки Бриег" арасындағы қарымта ойын 18 шілдеде Алматыда өтеді. Ойын елорда уақытымен 20:30-да басталады. Алаң иелері кем дегенде тең түссе не 0:1 есебімен жеңілсе, келесі кезеңге өтеді. 



Қазақстандық «Ордабасы» мен грузиялық «Торпедоның» алғашқы ойыны Шымкентте өтті, алаң иелері қонақтарды 1: 0 есебімен жеңді. Жалғыз голды 68-ші минутта қорғаушы Темірлан Ерланов соқты.


Айта кетсек, «Ордабасыны» 2018 жылдың маусымынан бастап грузиндік Кахабер Цхадедзе жаттықтырып келеді. Қарымта ойын 18 шілдеде болады.