Таразда сәби ұрланған перзентхана қызметкерлері жұмыстан қуылды


Тараздағы перзентхана қызметкерлері «КТК» арнасының журналистеріне ұрланған сәби жайында толық ақпарат берді.


Оқиға 8 шілде күні орын алған. 30 жастағы келіншек сәбиін мейірбикеге қалдырып, түскі ас ішуге кетеді. Облыстық перинаталды орталықта босанған келіншек өзге біреудің жаңадан туған сәбиін сатпақ болған. 22 жастағы күдікті жаңа туған сәбиді перзентханадан жасырын алып шыққан. Оның қылмысы бейнебақылау камерасына жазылып қалды.


«Жанымда жатқан әйелдің қал жағдайын сұраймын деп кірген. Медицина қызметкерлері баланы тербетіп тұрған ғой. Тербетіп жүрген кезде телефон шырылдайды. Телефонмен сөйлесіп жатқан сәтін пайдаланып алып кетіп отыр», - деді Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының бас акушері Сәуле Әлжанова.


Дәрігерлердің айтуынша, 22 жастағы келіншектің өзі өткен айда дәл осы орталықта қыз баланы дүниеге әкелген. Ол 5 күндік нәрестені қонақ үйде алматылық отбасыға сату сәтінде қолға түсті.


«Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді Жамбыл облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жарасқан Ақбердиев.


Бұған дейін бір рет істі болған келіншек, 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ісіне салғырт қарағаны үшін перзентхананың 4 қызметкері жұмыстан босатылды.