"Баспана": Нұр-Сұлтанда қарсылыққа шыққан көпбалалы аналар Ақорда алдына өте алмауда


Нұр-Сұлтан қаласында 50 шақты көпбалалы ана наразылыққа шықты, деп хабарлайды Азаттық.


Аналар Ақордаға барып баспана талап етпек болған, алайда оларды полиция қызметкерлері Ақордаға өтер баспалдақта бөгеп тұр. Оқиға орнындағы тілшінің айтуынша, жиналғандардың саны бастапқыда 30 шақты болған. Кейіннен жиналған аналар саны өскен. Наразылық таңғы 10:00-де басталды.


Жиналғандар алдына Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің жаңадан тағайындалған орынбасары Бақтияр Мәкен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі орынбасары Светлана Жақыпова мен бірнеше билік өкілдері шықты.



Басшылық оларды әкімдікке барып мәселені талқылауды ұсынды, бірақ аналар аталмыш шартпен келіспеді.



Жақында тағайындалған қала әкім орынбасары аналармен баспалдаққа бірге отырып, олардың шағымын тыңдады.


Сонымен қатар, аналар "баспана", "Тоқаев" деп ұрандатып, жаңадан тағайындалған әкімнің келуін талап етуде. Оқиға орнына кейіннен 3 автобус келді, қазір жиналғандардың жартысы көлік ішінде отыр.



Үш сағат өткен соң, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі әкімдікке келіп жетті. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аналарды Көлгінов ғимаратта күтіп отыр. Бірақ аналар оның шақыртуын қабылдамай, оның алаңға келуін талап етіп жатыр. Қазір ғимаратта 20-ға жуық ана отыр. Басқа аналар "Нұрлы жол" аллеясында отыр.


Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын көпбалалы аналар бірнеше рет наразылыққа шыққан еді.