Шымкентте наразылыққа шыққан аналар әкімнің келмейінше аштық жарияламақ


Бүгін таңертең Шымкент әкімдігі алдына жиналған 10 шақты ана қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов шықпайынша аштық жарияламақ, деп жазады Азаттық.


Таңертеңнен жиналған аналардың бірі құлап, жедел жәрдем шықыртылды. Дәрігерлер қысымы көтерілген әйелді ауруханаға алып кетті.


Наразылар таңғы сағат онда әкімдік жанында жиналған. Олардың басым бөлігі – көпбалалы, жалғызбасты аналар. Аналар баспана мен жәрдемақы мәселесін көтеріп, «қала әкімі шықсын!» деп айқайлады.


Аналардың сөзінше, тамыз айында берілетін 100 мың теңге шамасындағы бір реттік жәрдемақы ала алмай, кейбірі пәтер жалдап, қиналып жүр.


Оларға әкім орнына, оның орынбасары Гүлжан Құрманбекова шығып, аналарды "заңсыз әрекетке бармауды" сұраған. Жиналғандар оған 101 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақының берілуіне қатысты сұрақтарын қойды.


"101 мың теңге бір реттік жәрдемақы айлық табысы жан басына шаққанда 5050 теңгеден аспайтын, жағдайы төмен отбасыларға ғана беріледі. Қалада ондай 300 отбасының құжаты қабылданған", - деді әкім орынбасары.



"Әкім шықпайынша аштық жариялаймыз, бүгін шықпаса ертең Астанаға барамыз", - деді жауапқа қанағаттанбаған аналар.


Аналардың әкімді күткеніне үш сағат өтті. Жиналғандарды прокуратура қызметкерлері мен полицейлер, әкімдік қызметкерлері бақылап жүр.