Арыстан Алматыға 75 бала демалуға келді


Бүгін Алматыға арыстық 75 бала «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде демалуға келді.


Оларды алматылық жастар түрлі мерекелік қойылымдармен қарсы алды. Балаларға сыйлықтар табыс етіліп, аниматорлық көріністер көрсетілді. Цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов та өз отбасымен өнер көрсетті.


«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шілденің 12-нен тамыздың 3-не дейін арыстық балалар қала сыртындағы «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде тынығады. Арнайы бағдарламаға сәйкес оқушылар қаланың көрікті жерлерін аралайды. Сондай-ақ, психологтар әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Қажет болса киіммен де қамтамасыз етеміз. Бүгін оқушылардың алғашқы легі келді. Жалпы, 150 бала демалады. Қалған 75 оқушы тамызда келеді. Бұл шараны ұйымдастыруға қалалық әкімдік 10 млн. теңге бөлді», - деді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова.