Тұрғын үй, азық-түлік бағасы, отандық өнімді қолдау: Президент кеңес өткізді

Картинки по запросу токаев


Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен экономикалық мәселелер бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорда.


Кеңес барысында биылғы 7 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев, сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев баяндама жасады.


Жиынға қатысушылар отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік тауарлары мен тарифтер бағасының өсуін болдырмау, әлеуметтік көмек тағайындау, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жылыту маусымы мен жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін талқылады.


Мемлекет басшысы ел экономикасының дамуы үшін Үкіметтің, Президент әкімшілігінің және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмыс атқаруы жайлы атап өтті.


Соңында Президент азаматтардың тұрмыс сапасының төмендеуіне жол бермеу үшін басты назарды олардың мүдделеріне, халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуына көңіл бөлу қажеттігін айтты.