Арыс тұрғыны бюджет қаржысын жұмсау үшін үйін әдейі қиратқан


Арыс тұрғыны бюджет қаржысын жұмсау үшін балтамен және ломмен үйін әдейі қиратқан, деп жазды Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов өзінің Facebook парақшасында.


Аталмыш үй Төле би көшесінде орналасқан. Жер иесі үйді жөндеуге келіспеген. Ол үйді толығымен бұзып, қайта тұрғызуды талап еткен.



«Әрине, көршінің үйі кірпіштен толығымен қалпына келтірілген кезде, оның қызғанышы оянады. Бірақ өз мүлкін осылайша құрту – артық кеткендік», - деп жазды Сәкен Қалқаманов.



Оның айтуынша, жарылыс салдарынан үйге залал келмегендігі дәлелденген. Үй иесі жауапкершілікке тартылмайды, өйткені ол өз мүлкін басқаруға құқылы. Бірақ бюджет есебінен үй қалпына келтірілмейді.


Үйлерін жөндеуден осылайша бас тартқан адамдар бұған дейін де болған. Біршама тұрғындар үйлерін толығымен бұзып, қайта тұрғызуды талап еткендіктен ,53 үйдің жөндеу жұмыстары басталмай тұр.


«101 үйдегі құрылыс әлі басталған жоқ, оның 53-інің иелері келісімін бермей отыр», - деді Индустрия және инфрақұрылымды дамыту бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баспасөз мәслихатында.