Алматы әкімі Наурызбай ауданындағы селге қатысты пікір білдірді


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы селге байланысты Қарғалы өзенінде атқарылған жұмыстар жайлы баяндап берді.


«Жоғары жақтан келе жатырмын. Таң атқалы сол жақта жүрміз.Тиісті шаралар қабылданды.Қорқатын ештеңе жоқ. Құдай сақтасын. Жаздай жұмыстар атқарылды. Көлдің басында экскаваторлар жұмыс істеді. Олар жаздай жерді қазып суды жіберіп отырған.77 мың текше метр суды 26 мың текше метрге дейін түсірген.Соның арқасында қазір су аз келді. Енді, қазір жоғары жақтан хабар беріп жатыр, көлден аққан су тоқтады.Өзінің қарқынымен ағып келеді. Мына бөгетке дейін 22 шақырым, су өзен арнасымен ағады деп ойлаймыз. Ешқандай қауіп жоқ. Сумен ешқандай тас ағып келе жатқан жоқ. Жәй ағынды лай су келіп жатыр. Судың көлемі қалыпты жағдайда. Қазір мамандар тікұшақпен жоғары жақтан тағы да көріп шығады. Тұрғындар үшін ауыз су мәселесі де шешіледі. Қаладан тасымалдайтын болады. Алматы су мекемесінің басшысы да осында. Қазір 30 су таситын көлік белгіленді. Су құбырлары жөнделеді. Наурызбай ауданының халқымен кездесуге бара жатырмын. Сол кісілерге өзім барып мән-жайды түсіндіремін. Қажет болса осында қайтып келемін. Қарқынды су екі сағатта бәсендейді»,- деді Бақытжан Сағынтаев.


Әкімнің айтуынша, қауіп төнген жағдайда адамдарды эвакуациялау керек.


"Таңертең адамдар жазып жатты, алаңдап жатты. Олар қайда бару және не істеу керектігін сұрайды. Еріктілер де өз көмегін көрсетуге дайын. Таңертең ішкі істер министрімен байланыстым. Егер бір нәрсе болса, адамдарды көшіру керек. Сонымен қатар, өзен деңгейі көтерілсе, тез тазалау керек. Біздің барлық қызметіміз, Ұлттық ұлан және басқалары толық дайын. Бірақ бұлай болмайды деп ойлаймын", - деді Алматы әкімі.


Алматы әкімі баспасөз хатшысы Әсет Мұқажановтың айтуынша, қазіргі таңда адамдарды эвакуациялаудың қажеті жоқ. Су деңгейі төмендеген.


Тұрғындар ауданда электр жарығы қайта қосылғанын айтты.




Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қауырт желіні іске қосты. Селден жапа шеккендер немесе қауіп төнген адамдар 278 20 84 нөміріне хабарласа алады. Байланыс нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді.