ІІМ орынбасары: Дала өртінің азаюы үшін жаңбыр жаууы керек


ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин аймақтардағы дала өртінің азаюйына жаңбыр көмектеседі деді.


Оның айтуынша, жақын күндері Қазақстанда ауа райы өзгеріп, жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл дала өртін сөндіруге әсер етеді.


«Болжам бойынша, Алматыға жақын өңірлер мен Нұр-Сұлтанның айналасында жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл өрт қаупін айтарлықтай төмендетеді», - деді Ю. Ильин.


Алайда елдегі аптап ыстық ауа райы өрттің қайта тұтануына ықпал етіп отыр.


«Алматы облысындағы Панфилов ауданындағы, Алматы қаласына жақын орналасқан Талғар, Қаскелең аудандарындағы өрт толық сөндірілді. Бірақ, ыстық ауа райына байланысты Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарында өрт қаупі жоғары болып қала береді», - деді спикер.


Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы өрт көлемі 2,7 мың гектарға жеткен. Оны сөндіруге Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқару органдарының және ҚР ІІМ бөлімшелері жұмысқа тартылды. Өртті оқшаулап, сөндіру үшін қосымша тікұшақтар тартылған.