БҰҰ: Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатып, заңдарды реформалауға шақырамыз


Кеше Женевада болған Біріккен Ұлттар Ұйымы адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында Қазақстандағы адам құқығының қазіргі жағдайы талқыланды.


"Қазақстанда 2019 жылдың наурызынан бері өтіп жатқан наразылық акциялары кезінде 4 мыңнан астам адам ұсталды. Биліктің бейбіт шерулерге рұқсат бере бастауын оң бағалаймын. Сонымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатарына азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды қамтамасыз етуге үндеп жүрген азаматтық қоғам өкілдерін қосуға шақырамын", - деп мәлімдеді БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет өз баяндамасында.


Жоғарғы комиссардың айтуынша, саяси тұтқын саналатын азаматтарды қамауда ұстау мен оппозицияның бейбіт жиналуын шектеу шынайы және ашық диалогқа кедергі келтіреді.


"Жала жабу мен араздық қоздыруға жалпылама анықтама беру, жала жапқандарды қылмыстық жауапқа тарту, бейбіт жиындарды шектейтін талаптар қою, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар мен діни ұйымдар жұмысына тосқауыл қою сияқты өзгеше ойлайтындарды қудалауға қолданылатын заңдарды өзгертуге шақырамын", - деді Бечелет.