#Өзіңненбаста: Нұрсұлтандық бас ұстаз өз кабинетін өзі жуып шықты


Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин өз жұмыс кабинетін тазалап, оқушылардың мектеп ғимаратын жинау бастамасына қолдау білдірді.


«Соңғы күндері елордалық мектептерде былтырдан бастап орын алған бастамаға қатысты көптеген пікірталастар туындауда. Атап айтқанда, оқушыларға мектеп ғимаратын тазалау кезінде техникалық қызметкерлерге көмек көрсету. Жалпы, бұл әр оқушы еден жуу керек деген сөз емес, осыны бірден атап өткім келеді. Бастама асханада ыдыстарын жуатын жерге апару немесе сабақтан кейін жұмыс орнын таза ұстау, кейбір жағдайда сыныптар мен дәліздерді жинауға көмектесу сияқты жұмыстар. Бұл біздің балаларымыздың бойында басқа адамдардың еңбегін құрметтеу және қоршаған ортаға күтіммен қарау дағдыларын дамыту үшін жасалады. Әрине, балалардың қалауы бойынша ғана іске асатын шаралар екенін ескертеміз»,-деді Жанғозин.



Ол әр кеш сайын техникалық қызметкер әйелдерге өз кабинетін тазалау арқылы олардың жұмысын жеңілдетіп, көмектесуге шешім қабылдадым дейді. Оның айтуынша бұл жұмыстардыды атқаруға небәрі 15-20 минут кететінін айтты.


«Бүгін #өзіңненбаста эстафетасына бастама бере отырып, елордалық білім беру ұйымдарының басшыларын біздің балаларымызға өзіміз бұл жұмыстың ешқандай қиын және ұятты емес екенін көрсетуге шақырамын»,-деп жазды ол.