Білім министрі: Кезінде біз де парта, еден жудық


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларына еден жуғызуға қатысты пікір білдірді.


Министрдің айтуынша, күн тәртібінде оқушыларды тазалық жұмыстарына тарту тұрмайды және мұндай тәжірибе мемлекет деңгейінде іске асырылып жатқан жоқ.


"Сыныптарды тазалау ерікті түрде және ата-анасының рұқсатымен жүзеге асады. Ел мектептерінде әкімшілік-техникалық персонал ұстау қарастырылған", - деп жауап берді министр журналистердің сұрағына. 


Асхат Аймағамбетов педагогтар ата-аналарға балаларды еңбекке тартуға және жасына сәйкес белгілі бір жұмысты орындауға ұсынатынын атап өтті.


"Мысалы, оларға үй шаруашылығы бойынша белгілі бір жұмысты тапсыру өте пайдалы. Мектептерде еңбекке баулу оқу-тәрбие үрдісі аясында жүзеге асырылады. Кезінде біз де парта, еден жудық. Сонымен қатар, қинап жұмысқа салы жоқ, өз еркімен және ата-анасының келісімімен оқушы сыныптарды немесе мектеп аумағын тазалайда", - деді білім және ғылым министрі.


Сонымен қатар, министр Маңғыстау облысында үйленген 15 жасар қыз бен жігітке қатысты іс тексеріс үстінде екенін атап өтті. Осыған ұқсас жағдайлар да тексерілетін болады.