Шымкенттегі оқушылар төбелесі: Екі жасөспірім ұсталды


Шымкентте оқушылардың жаппай төбелес дерегі бойынша екі жасөспірім изоляторға қамалды, деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі. 


Қаладағы ықшамаудандарының бірінде төбелес шыққаны туралы хабар 9 қыркүйек күні 13:50-де түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жанжалдасқан топтарды тынышталдырды.


Төбелес кезінде 16 жастағы жасөспірім зардап шекті. Атысу дерегі расталмады. Сотқа дейінгі тергеу шаралары Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. 


"Қылмыс жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған екі бала уақытша ұстау изоляторына жабылды. Полиция басқармасына кәмелетке толмаған 17 оқушы жеткізілді, олардың қатысы бар-жоғы тексеріліп, пышақ, мылтық және травматикалық тапанша тәркіленді. Төбелес өзара келіспеушіліктен шыққаны белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.