Бүгін 180 мың адам латын әліпбиінен диктант жазды


Бүгін Қазақстан бойынша 180 мың адам латын әліпбиінен диктант жазды.


Тілдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шара елдегі мектептер мен жоғары оқу орындарында, кітапханалар мен мәдениет ошақтарында өтуде.


Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен қолға алынған шараның бірі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Мемлекеттік органдар мен жеке меншік кәсіпорындардан, оқу орындарынан жиналған 200-ге жуық қала тұрғыны ғалым Камал Әлпейісова оқыған «2019 jyl – Jastar jyly» тақырыбындағы мәтінді латын қарпімен 40 минуттың ішінде жазып шықты. Диктант жазушылардың арасында депутат Геннадий Шиповских, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай сияқты белсенділер де бар. ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев шараның кітапханаға жиналған көпшілікті айтулы шарамен құттықтап, белсенділіктері үшін алғыс білдірді.


«Мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант жазу – Қазақстан халқы Ассамблеясының төл жобасы. Оның мақсаты қоғамымызда халықты ұйыстырушы фактор – мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Бүгін бір мезетте 180 мың қазақстандық латын қарпінде диктант жазуға ниет білдірді. 2017 жылы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданғанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық елді мекендерінде осы патриоттық актіге арналған жалпықазақстандық ашық диктант өткізуге бастама көтерген болатын. 2018 жылғы жалпықазақстандық диктанттың тақырыбы Тәуелсіз Қазақстанның жауһары – бас қаламыздың 20 жылдығына арналды. Бүгін осы патриоттық және ағарту акциясын жүргізу арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы әрқайсымыздың бойымызда нағыз қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруды мақсат етеді. Елдің жазу тарихындағы жаңа қадамды қолдау арқылы біздің бойымызда Отанымызды сүю, сауатты жазу, мемлекеттік тілді құрметтей білу қасиеттері тереңдей түсері анық», - деді Жансейіт Түймебаев.