Еңбек министрі Маңғыстаудағы наразылық жайлы: Жұмысшылар өз жалақыларына көңілдері толмайды


Жаңа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Маңғыстау облысындағы құрылыс компаниясының жұмысшылары ұйымдастырған наразылық шарасының мән-жайын түсіндірді.


"М-Техсервис" кәсіпорнының қызметкерлері бір аптадан бері жалақыны 65 пайызға арттыруды талап етуде. Алдымен компания басшылығы жалақыны көтеруге келісім берген. Тиісті хаттама толтырылған, алайда әлі басшылық қол қоймаған.


"Мен сіздерге "М-Техсервис"компаниясы қызметкерлерінің жалақысы қандай екенін дәл айта алмаймын. Менің ойымша, шамамен 275 мың теңге. 200-ге жуық қызметкер өз еңбекақысына риза емес. Маңғыстау облысы-мұнайлы облысы, сондықтан еңбек даулары негізінен осы салада туындайды. Соңғы алты жылда елімізде 65 ереуіл болса, 90 пайызы – осы аймақтан. Бірақ орташа жалақы, мысалы "Өзенмұнайгазда" басқа облыстардың мұнай компанияларына қарағанда жалақы әлдеқайда жоғары", - деді министр Үкімет отырысында.


Қазір жұмыскерлер наразылығын шешумен жергілікті еңбек инспекциясы, Кәсіподақтар федерациясының өкілі және облыс әкімі айналысуда.